Жетісу облысында шипажайда массаж қызметкері клиентін зорлағаны туралы ақпарат тарады
Оқиғаға қатысты Полиция департаменті ресми хабарлама таратты
54 жастағы әйелге шипажайға жолдаманы жұмыс орны берген. Сеанстың екінші күні массажист оның аяқ-қолын, аузын байлап қарсыласқанына қарамастан зорлаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Nemolchi.kz-ке сілтеме жасап.
Зорланған әйел қатты қорыққаннан үндемей кетіп қалған. Есін жиғаннан кейін келесі күні массажистің бұл әрекетін өзінен сұрайды. Шипажай маманы өзін ұстай алмай қалғанын айтып, кешірім сұрайды. Оның бұл сөзін диктофонға жазып алған әйел шипажай басшысына шағымданады. Артынша күдікті әйелге үндемеуі үшін 1 миллион теңге ақша ұсынады. Өзінің жақында құда болатынын айтып, ұятты тірлігі үшін қымсынатынын жеткізген. Бірақ қорлық көрген әйел полицияға арызданған.
«2022 жылдың 1 шілдесі күні Панфилов ауданының полиция бөліміне Алматының 54 жастағы тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленуші төрт күн бұрын өзі демалған жергілікті санаторийлердің бірінде массаж қызметкерінің тарапынан зорлық көрсетілгендігін хабарлады.
Полиция ҚР ҚК 120-бабы (Зорлау) бойынша қылмыстық істі тіркеп, заң шеңберінде қажетті сараптамалар тағайындады. Күдікті деп танылған 55 жастағы ер адам зорлау фактісін жоққа шығарып, қарым-қатынас екеуара келісіммен болғандығын айтты.
Аталған факті бойынша толық көлемде тергеу жұмыстары жүргізілді. Тергеу нәтижесінде, күдіктінің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзу құрамының болмауына байланысты 4 тамыз күні қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Шешім Панфилов аудандық прокуратурасымен бекітілді», - деп мәлімдеді Жетісу облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі.