Алматыда 6 айда 2 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталды
Онкологиялық сырқат көп жағдайда ешқандай белгі бермейді екен

Алматыда биылғы жылдың 6 айында 2363 адамнан қатерлі ісік анықталып, диспансерлік есепке алынған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы онкологиялық орталығының клиника-диагностика бөлімінің меңгерушісі Нәйля Ақжолова айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Онкологиялық сырқат көп жағдайда біраз уақытқа дейін ешқандай белгі бермейді, оның қауіптілігі де осында. Әдетте ауру симптомдары үшінші немесе төртінші сатыда ғана біліне бастайды.
«Ең алдымен дер кезінде жасалған диагностика обырды бастапқы сатыда анықтап, науқасты емдеп жазуға мүмкіндік береді. Бастапқы сатысында қатерлі ісіктен құлан-таза айығып кетуге болады. Ал үшінші, төртінші сатыда ем-домның ауыр түрлері, химиотерапия, радикалды операциялар қолданылады. Ісікпен кішігірім кезінде, пайда болған кезінде күрескен жеңіл, үлкейіп кеткенде ол адам өміріне қауіп төндіреді», - деді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, қала тұрғындары арасында ең көп сүт безі обыры, екінші – колоректалды обыр, үшінші – өкпе обыры, төртінші орында – асқазан обыры кездеседі.