«Екі бірдей ГЭС салынып жатыр»: Жетісу облысында ауыл тұрғындары экологиялық апат бола ма деп алаңдаулы
Тұрғындар шаруашылыққа қажетті судан қағыламыз ба деп қауіптенеді

Жетісу облысының Сарқан ауданындағы Екіаша ауылында екі бірдей ГЭС салынып жатыр. Бірі елдімекеннің дәл ортасында тұрғызылады екен. Тұрғындар бұл нысан іске қосылса аймақта экологиялық апат бола ма деп алаңдайды. Себебі энергия өндіретін мекеме Басқан өзенін үлкен құбыр арқылы ағызбақ. Сол кезде ағын суының арнасы кеуіп кетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Станцияның салынуына қарсылық білдіргендер шаруашылыққа қажетті судан қағыламыз ба деп қауіптенеді. Өйткені құрылысшылар өзен арнасының екі жарым шақырымына екі қатар құбыр тартып, тау суын сол арқылы ағызбақ.
ГЭС 2019 жылы салына бастады. Сол кезде құрылыс жұмыстары ауыл тұрғындарының келісімінсіз жүргізілгенін Серғазы Сарыбаев дәлелдеуге тырысқан.
«Он төрт адамның төртеуі ғана қол қойғанын мойындады. Жиналысқа қатыстым деп айтқан жоқ. Қоғамдық тыңдау өтті деп айтқан жоқ. Қол қойдық дейді. Алып келген де сыртынан қол қойған ғой. Протоколдың өтірік екенін дәлелдегім келді. Протокол өтірік болып шықса, қолдан жасалған болса, сараптама дұрыс болмас еді. Өтірік болар еді. Оны сотта мойындата алмай қойдық. Бірінші соттан жеңілдік, апелляциядан жеңілдік», - дейді ауыл тұрғыны Серғазы Сарыбаев.
Осыдан кейін ауылда жиналыс өтіп, тұрғындар гидро электр станциясының басшылығымен кездескен. Соның нәтижесінде тараптар ортақ мәмілеге келіп, тоқсан адамның қолы қойылған шешім қабылдады.
«Үш жақты келісімшарт жасалды. Оның ішінде ауыл тұрғындары бар. Аудан әкімінің орынбасары бар. Жергілікті басқару органының атынан өзім Екіаша ауылдық округінің әкімі. Сонымен қатар «Басқан пауэр» компаниясының бас директоры Мұратов Сәкен арасында үш жақты келісім дайын. Бірінші мәселе бойынша су арнасында 50 пайыз ағуы, су құбырына 50 пайыз деп келісілді», - дейді Екіаша ауылдық округінің әкімі Дәулет Әділжанұлы.
Сонымен қатар құрылыс компаниясы жеті талаптан тұратын міндеттемені орындауы керек. Бастысы, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмысқа алуы қажет.
«Қатымхана мешітке көмектесеміз дедік. Содан кейін арықтар қазып береміз дедік, 32 шақырым. Оның бәрін істеп береміз. Жолын жөндеп береміз. Электр төлемдерінң 50 пайызын біз төлеп береміз он жылға.Соның бәрін қосқанда 150 млн болып тұр», - дейді құрылыс компаниясының өкілі Еркінбек Андағұлов.
Аталған жұмыс ГЭС құрылысымен қатар жүрсін, дейді тұрғындар. Сол кезде ғана көңілдеріндегі күдік сейіліп, құрылыс компаниясына сенім артылатынын айтады.