Шымкентте фармбақылау департаментінің басшысына сөгіс жарияланды
Бақылаудың жоқтығы үшін осындай жауапқа тартылған
1 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша ҚР Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының бұйрығымен лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Комитеттің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дулат Тұрманов жұмыстан босатылды. Бұл туралы Azattyq Ruhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның хабарлауынша 3 тамызда комитеттің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Сейітжамал Пакеев ведомстволық бақылаудың жоқтығы үшін «сөгіс» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 14 шілдеде сот үкімімен басшының орынбасары Тұрманов бірқатар тұлғалардан клиникалық практикаға жіберуге маман сертификатын бергені үшін жалпы сомасы 60 мың теңге болатын жүйелі парақорлыққа кінәлі деп танылды. Оған 20 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындалып, белгілі бір лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.