Қазақстанда 25 жылдан астам еңбек өтілі бар ұстаздар арнайы төсбелгімен марапатталады
Алдағы уақытта «Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» құрмет белгісі беріле бастайды
Оқу-ағарту министрлігі 25 жылдан астам еңбек өтілі бар ұстаздарға «Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» құрмет белгісін тағайындауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы педагогтерді қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша жалақыны көбейту, мұғалімдерді есеп беруден және міндетіне жатпайтын артық функциялардан босату бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қазір біз салалық ынталандыру жүйесін бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізуге бастама жасадық», - деп атап өтті деді Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова.
Ұстаздық қызметіне адалдығы үшін» құрмет белгісі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагогтеріне беріледі. Төсбелгі 25 жылдан астам уақыт бойы ұстаздық еткен мұғалімдерге беріледі.
«Осылайша, өз ісіне адал, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға зор үлес қосып жүрген ұстаздарды ынталандырғымыз келеді», – деді Шолпан Каринова.