Қазақстандық ғалымдар конституциялық жаңғыртуға қатысты өз ұсынымдарын ұсынды
«Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру мақсатындағы конституциялық жаңғырту» тақырыбы аясында конференция өтті
Философия, саясаттану және дінтану институты Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру мақсатындағы конституциялық жаңғырту» тақырыбында конференция өткізді. Кездесу барысында «Жаңа Қазақстанды» саяси жаңғырту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды талқылау барысында конференцияға қатысушылар – гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетекші отандық ғалымдар мен сарапшылар конституциялық жаңғыртуға талдау жасады, Қазақстандағы ішкі саяси процестерді дамытудың нақты траекториясы туралы өз пікірлерін білдірді және «Жаңа Қазақстанды» тұжырымдамалауға қатысты өз ұсынымдарын ұсынды.
Конференция жұмысына беделді ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Серік Сейдуманов, ҚР Парламент Сенатының депутаты Мамытбеков Еділ, ФСДИ Саяси зерттеулер орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айдар Әмребаев, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Ананьева сынды бірқатар ғалымдар мен қонақтар сөз алып, өз ойларын ортаға салды.
«Жаңа Қазақстан – мемлекетіміздің болашаққа бағдарланған істерінің бір парасы деп білеміз. Сонымен қоса алда атқарылар істерге тың серпін береді. Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік жұмыстардың баршасы ел өркендуіне септігін тигізеді. Біздің буынның басты мақсаты – осы бағыттан таймай, алға дамудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру. Еліміздің алар асуы алда, бағындырар шыңдары көп болсын», – деді А. Әмребаев.
Еліміздегі оң өзгерістер, игі бастамалардың жүзеге асуына байланысты ойлар айтылды. «Жаңа Қазақстан» қалыптастыруда құқықтық-нормативтік заңдардың орындалуы және қадағалануы жайында нәтижелі пікірталас өрбіді.
«Мемлекетімізде үлкен жаңалықтар мен тың өзгерістер болып жатыр. Оның басым көпшілігі елдің әл-аухатының көтерілуіне негізделген. Біздің Ата заңымыз осы аталған ұғымдардың заңдық әрі құқықтық негізде іске асуына негіз болып отыр. Сондықтан да Отанымыздың қарыштап ілгері басуы әрбірімізге тікелей қатысты. Осы жолда әрбіріміз үлес қоссақ, дамудың даңғыл жолына түскен болып саналамыз», – деді философия ғылымдарының докторы, профессор Рүстем Қадыржанов.
Сондай-ақ жиында 30 тамыз күні аталып өтілетін Қазақстан Республикасы Конституциясының мән-маңызы, бүгінгі қоғамдағы рөлі туралы тұжырымдалды.