Оралда орталық жағажай қирап жатыр

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Жағалау бойында орналасқан «Бекіре» субұрқағы да істен шығып қалған

Фото: Azattyq Rýhy

Орал қаласындағы орталық жағажай қирап жатыр. Жайықтың жағасындағы жағажай мүлдем қараусыз қалған. Мәрмәр тастардың тас талқаны шығып, арнайы қаланған қабырғалар қирап қалған. Жарты миллиард теңге жұмсалған жағажай серуендеушілер мен балалар үшін қауіпті орынға айналды. Сынған тастар аяқ астына шашылып, қауіпті болып шыға келген. ҰОС ардагерлерінің құрметіне қойылған алып монумент пен мәңгілік алау да Орал қаласындағы жағажаймен жалғасып жатыр. Қаладағы жалғыз жағажайға келушілердің көптігіне қарамастан көңілге қаяу түсіретін көріністі жоюға әкімдік асығар емес. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап, жергілікті әкімдікке сұрау салды.

«Жағалау көптен көзге оғаш көрініп, жөнделмей жатыр. Өзеннің көрінісі өте әдемі, келсең шаршауың шығатын жер. Бірақ жағажайдың осындай күйге түскені өте өкінішті. Бұзылған барлық нәрсені қалпына келтіру керек. Бірақ оның қашан іске асатыны белгісіз», - деді оралдық Саян Бектұров.

Өрнек тастардан өзге жағалау бойында орналасқан «Бекіре» субұрқағы да істен шығып қалған. Кезінде бұл фонтан үшін бюджеттен қаржы бөлінген, енді оның іші күл-қоқысқа толып жатыр. Жайық жағалауында таза ауада серуендейтін тұрғындар да жағдайдың мәз емес екенін билікке аз айтпаған. Олар бұрынғы күтімнен ештеңе қалмай, жағалаудың жаңармағанына назалы.

«Жөнделмей жатқанына көп уақыт болды. Әу баста асығыс-үсігіс тапсырылды. Бізде бірдеңені ашу үшін арнаулы мерекелік датаға немесе бір тұлғалардың келуімен байланыстырып қояды ғой. Күзде тапсырылған демалыс орны көктемде қайта бүліне бастады. Қазір тіпті қорқынышты, адамның жүргісі келмейді. Қыруар ақша бөлінген соң дұрысап сапалы істеуге болар еді ғой. Төселген тастары жоқ, ойылып кеткендіктен қараңғыда абайлап жүрмесең бір жеріңді зақымдайсың. Самокат тебетін балаларға да қауіпті, ойық жерге түсіп, құлауы мүмкін. Жалпақ мәрмәр тастар құлап жатыр. Оны шомылуға келген адамдар өзен жағасына апарып отыратын орындық қып пайдаланады. Рәсуа болып жатыр. Басқа баратын жер де жоқ, құмға сіңген судай қаражат тиімсіз жұмсалды», - деді Орал қаласының тұрғыны Еркін Қарин.   

Жергілікті билікке өкпелі жұрттың сөзінше жағажайға демалыс орнын салған мердігер мекеме басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге жарты миллиард теңге жұмсалғаны да осыған дейін жарияланған. Жайық жағалауының қирап жатқанына екі жылдан асса да оның нақты қашан реттелетіні белгісіз. Қала әкімдігі күтім көрмей, тоз-тозы шыққан демалыс орнын реттеу үшін тағы тендер өткізбек.

«Жеңіс алаңы» ауданындағы Жайық өзені жағалауын 2015 жылы Орал қаласының құрылыс бөлімі орындаған. Қазір алаң құрылысының кепілдік мерзімі аяқталды. Сол себепті абаттандыру мақсатында жағалаудағы өсіп кеткен шөптер шабылып, гүлзарларға гүлдер отырғызылып, жағалауда орналасқан субұрқақ жасалды және жағалауда орналасқан істен шыққан жарықтандыру шамдары қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ жағалауды абаттандыру кезінде қолданылған ротонда, гранит тастарының кұлаған және сынған бөліктерін жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын, алайды БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты судьясының талап арызын қамтамасыз ету туралы 2022 жылдың 4 мамырындағы ұйғарымына («КаНур Строй Сервис»ЖШС-ның өтінішіне орай, «БҚО Орал қаласының аула аумақтарын, саябақтар мен тынымбақтарды (ҚҚЖ) ағымдағы жөндеу» жұмыстары бойынша, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын тоқтата тұру жолымен 2022 жылғы 25 сәуірдегі мемлекеттік сатып алу қорытындыларының хаттамасына дау айту туралы) сәйкес мердігер ұйымның жұмыстары толықтай тоқтатылды.

Қазіргі таңда жаңа шарттық құжаттамалар жасақталуда. Шарттық құжаттамалар толықтай аяқталғаннан кейін, жыл соңына дейін жағалауды жөндеу қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табады», - делінген Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.