Ақтауға жақын тұрған Басқұдық ауылының тұрғындары аммиактың иісіне тұншығып отыр
Мұны экологтар да растап отыр
Ақтауға жақын тұрған Басқұдық ауылының тұрғындары аммиактың иісіне тұншығып отыр. Айтуларынша, қолқаны қабатын жағымсыз иіс түнде және таңғы уақытта қатты сезіледі. Мұндайда терезені ашу мүмкін емес. Ең сорақысы, балалардың арасында түрлі ауру көбейіп кеткен. Аммиак иісі кейде қалаға да тарайды. Мұны экологтар да растап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Мамандар ауылға барып, иістің қайдан шығатынын анықтады. Мұнайлы ауданына қарайтын елді мекен жанында қалдық су ағатын арна бар. Қаладан шыққан кәріз сулары осы жермен өтіп, одан әрі «Қошқар ата» улы қалдықтар көліне құйылады. Тұрғындардың сөзінше, соңғы уақытта арнаға пластик құбыр жалғанған. «Зауыттардан шыққан химиялық қалдықтар да енді осында төгілетін болды. Адам тұншығатын сасық иістің шығуын содан көреміз» дейді тұрғындар.
«Бұл труба Қазазоттікі болып шығады. Оны тіпті телеарнадан да көрсеткен. Осы пластикалық құбырда бізде әрдайым кешкі уақытта, таңертеңгі уақытта аммиак қалдықтарын тастайды. Бізге иіспен денсаулығымызға зиян келтіріп жатыр», - дейді ауыл тұрғыны Жалғас Оңайбаев.
«Менің балам 12 жастағы «Мама далаға шықпай-ақ қояйыншы» дейді. Неге десем денесі қышиды. Уже мұрыны бітіп қалады, түшкіреді. Қолдарының барлық жері жара. Экзема болып кетті қазір», - деді ауыл тұрғыны Гүлсімай Боранбаева.
Кәріз сулары ағатын арнаға пластик құбыр жалғанған жеріне экологтар бұған дейін де тексеру жүргізген. Ауадан және судан алынған сынамалардың құрамына аммиак анықталған. Айтуларынша, арна жеке кәсіпкерге тиесілі. Ақтаудағы коммуналдық мекеме мен «ҚазАзот» зауытына жалға беріп қойған. Жуырда тұрғындардың кезекті шағымынан кейін түнде келіп, сынама алады. Бұл жолы да аммиак, күкірт секілді адамға зиянды заттар көп мөлшерде анықталған.
«Жаңағы пластик құбырдың қасынан алынған су сынамалары құрамында амони иондарының және нетриттердің шектен асқаны анықталды. Сол жерде мониторинг кезінде «Маңғыстауойлрефаник» және «Қазазот» АҚ-ның санитарлық қорғау аймағының ішін тексеру кезінде аммиак және күкірт сутегің шектен асу фактілері анықталған болатын», - деді облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Маңжан Ғалымов.
Ең сорақысы, Қазазот кәсіпорнының бұл арнаға су төгуге рұқсаты жоқ болып шықты. 2020 жылы каналға заңсыз жалғаған құбыр алынып, 2 млн теңгеге жуық айыппұл төлеген екен. Табиғатқа келтірген залалы үшін мемлекетке келген 14 млн теңге шығынды және өтеген. Соған қарамастан улы қалдықтарды тағы төккен зауытқа, сондай-ақ коммуналдық мекемеге де өкілетті орган жоспардан тыс тексеру жүргізетін болды.