Кіші Талдыкөлдің аумағына ағаш отырғызылады – әкімдік
Нұр-Сұлтандағы кіші және үлкен Талдыкөлде экопарк құрылады
28 тамыз, жексенбі күні кіші Талдыкөлдің аумағына ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде 600-ге жуық жапырақты ағаш отырғызылмақ. Бұл туралы Azattyq Ruhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімдіктің хабарлауынша кіші және үлкен Талдыкөл бойынша эко-урбандалу қағидаттарын пайдалана отырып, қалалық аумақты елорданың саябақ аймақтарымен интеграциялау бойынша жұмыс жалғасуда.
«Нұр-Сұлтандағы кіші және үлкен Талдыкөлде экопарк құрылады. Осы мақсатта бірінші кезеңде 1 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру бөлінді. Бүгінгі таңда үлкен Талдыкөл бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, Кіші Талдыкөл су объектісіндегі су балансын сақтай және толықтыра отырып, рекреациялық аймақ құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде», - делінген хабарламада.