Қызылорда облысында жеке инвестор өз қаржысына ауылда мектеп салып жатыр
Нұрлыбек Нәлібаев білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығын тексерді
Қызылорда облысының әкімі бірқатар нысандарды аралап, атқарылған жұмыстарды тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа оқу жылында балалар еш кедергісіз білім алуы қажет екенін алға тартты. Әсіресе, мектептердегі күрделі жөңдеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын қатаң бақылауға алды.
Аймақта биыл 182 мың оқушы білім алмақ. Биыл өңірдегі 6 мектепте күрделі жөңдеу жұмыстары жүруде. Бұл үшін бюджеттен 2,1 млрд.теңге қаржы бөлінген. №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектепке барған облыс әкімі білім ордасының оқу процесіне әзірлігін бақылады. Аймақ басшысы жыл сайын апатты мектептерді жойып, жаңа мектептердің желісі көбейтуге басымдық берілетінін айтты.
«Оқушылардың қуанышына ештеңе жетпейді. Мектепке қомақты қаржы бөлінгендіктен, күрделі жөндеу жұмыстары өте сапалы орындалуы керек. Себебі оқу жылына білім беру нысандарының дайындығы Үкімет басшысының тікелей назарында. Демографиялық өсімнің нәтижесінде қалада ықшам аудандар көбейіп, мектептерде орын тапшылығы мәселесі туындағаны жасырын емес. Бұл ретте апатты жағдайдағы 4 мектептің екеуінің ғимаратын жаңа оқу жылында табыстаймыз. Тоқабай ауылындағы бір апатты мектеп жеке инвестор есебінен басталды. Ал, Қазалы ауданындағы тағы бір мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, қала мектептеріндегі орын тапшылығын жою үшін 4 мектептің жанынан қосымша ғимарат салуға шешім қабылданды. Қазіргі таңда, 2 мектептің жоба-сметалық құжаттары аяқталып, мердігер компаниялар бекітілуде. Ал, қалған 2 білім ұясының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, - деді Н.Нәлібаев.
Өңір басшысы балалар жылына тарту ретінде өңірде 80 спорттық ойын алаңдары салынатынын жеткізді.
Сондай-ақ, облыс әкімі аймақтағы ірі өндіріс орны шыны зауытына да барды. Өткен жылдың желтоқсан айында зауыттың күйдіру пеші техникалық іске қосылған. Алайда, пешті қосу-реттеу барысында ақаулар анықталып, қажетті күйдіру қондырғысына тапсырыс беріліп, жеткізілді.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы негізінде зауытты іске қосу үшін биылғы жылдың 25 шілдесінде арнайы Штаб құрылғанын жеткізді. Мұндағы мақсат - зауытты іске қосу кезінде туындаған мәселелерді шұғыл түрде шешу.
Әкімдік өз құзыреті шегінде инженерлік инфрақұрылымды жеткізіп беруге жауапты. Осы ретте, зауытқа қажетті электрэнергия, байланыс желісі, автомобиль жолы, су және кәріз жүйелері жеткізілді. Сыртқы темір жол тұйығы құрылысы аяқталды. Енді кезекте екінші тараптар техникалық және авторлық бақылау өкілдерінің берген ескертулерін жою жұмыстарын жеделдетуі керек. Себебі газ келгеннен кейін, пешті қайта іске қосып, жағу үшін қабылдау актісін рәсімдеп, бітіруі қажет.
Өңір басшысы сала мамандарымен пікірлесіп, ауқымды зауытты іске қосу үшін қажетті шараларды жылдам қабылдау керек екендігін жеткізді.
«Шынын айтқанда, зауытты іске қосу процесі тым ұзап кетті. Бар мүмкіндікті пайдаланып, зауытты іске қосуымыз қажет. Бұған дейін уәде көп берілгенімен, нәтиже болмады. Халық асыға күтіп отыр. Сондықтан қалайда өндірісті аяқтауға тиіспіз. Аптасына екі рет штаб өткізіп, өзекті мәселелерді талқылау қажет. Бәрі де менің тікелей бақылауымда болады», - деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, жоспар бойынша шыны зауытының бірінші өнімі қазан айында шығарылмақ.