Қылмыстық бизнестері қарқынды жүрген топтың әлеуметтік желілерде кең таралған клиенттік базасы болған
Жаңаөзен қаласында қару дайындаумен және сатумен айналысатын қылмыстық топқа қатысты сот процесі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жаңаөзен аудандық сотының шешімімен 2 адам 5 және 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
«2022 жылдың наурыз айында ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаменті Жаңаөзен қаласында қару-жарақ дайындайтын жасырын цехты жою бойынша арнайы операция жүргізген. Қылмыскерлер техникалық жөндеу орталығында атылмайтын қаруды тапсырыспен жауынгерлік қаруға айналдырған», - делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қылмыстық бизнестері қарқынды жүрген топтың әлеуметтік желілерде кең таралған клиенттік базасы болған.
ҰҚК уақтылы қабылдаған шараларының нәтижесінде олардың қылмыстық әрекеттерінің жолы кесілді.
Операция барысында 4 жауынгерлік «Калашников» автоматы, өздігінен оқталатын 1 «Симонов» карабині және 48 оқ-дәрі тәркіленді.