Информатикадан халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар 4 медаль жеңіп алды
90-ға жуық елден келген 350 оқушының арасынан 4 оқушымыз жүлделі орындарға ие болды

Индонезияда өткен информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI) қазақстандық оқушылар 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Аталған беделді олимпиадаға еліміздің атынан 4 оқушы қатысты. 90-ға жуық елден келген 350-ден астам қатысушының басын қосқан жарыста 4 оқушымыз да жүлделі орындарға ие болды.
«Оралдық Жамбыл Мақсотов пен семейлік Мұхаммадариф Сахмолдин күміс, ал алматылық Ван Ли мен Таймас Қорғанбаев қола жүлдені иеленді. Осылайша, қазақстандық оқушылардың 2022 жылы ең беделді халықаралық олимпиадаларда жеңіп алған медальдарының саны рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстан құрамасының қоржынында 27 медаль, оның ішінде 3 алтын, 15 күміс және 9 қола бар», - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
Айта кетсек, биыл алғаш рет Президенттің қолдауының арқасында халықаралық жарыстардың жеңімпаздары 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы мен ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-да оқуға грантқа ие болады.
«Оқушыларымызды жаңа жоғары нәтижелерімен және лайықты марапаттарымен құттықтаймын. Ата-аналарына қолдау көрсеткендері үшін, педагогтерге еңбектері мен кәсіби шеберліктері үшін алғыс айтамын», - деді министр.