Жамбылдағы жарылыс: Командир міндетін уақытша атқарған азамат сотталуы мүмкін
Аслан Бақытжанов істі әділ қарауды талап етеді
Жамбыл облысындағы жарылыс болған әскери бөлімде уақытша командирдің міндетін атқарған азамат енді 15 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін. Оған қызметіне салғырт қарады және қару-жарақты сақтау, қолдану тәртібін бұзу баптарымен айып тағылған. Бірақ 35 жастағы бұрынғы әскери лауазым иесі өзінің кінәсі жоқ екеніне сенімді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
«Мен ол әскери бөлімде отырып түк істемесем, пробелмаларды біле отырып ешқайда жазбасам, көрмесем, онда кінәлауға болады. Бәрін жарылысқа дейін алдын ала жазып отырдық. Болмағаннан кейін әскери прокуратураға дейін жаздық. Неге соның бәрі орындалмайды», - дейді Аслан Бақытжанов
Куәгерден күдіктіге айналған Аслан Бақытжановтың сөзінше, әскери бөлімдегі техникалық ескерту құралдарының тозығы жеткені өзіне таяқ боп тиген. Бірақ бұрынғы әскери өрт дабылы мен бақылау камераларының істен шыққанын тиісті орындарға ертерек ескертіп, алты айда 8 мәрте хат жаздым дейді. Бірақ басшылық ешбіріне жауап қатпаған. Енді сол үшін 35 жастағы азамат кінәлі болып жатыр. Қоймадан шыққан түтінді алдын ала байқау мүмкіндігі болмай, ол жойқын жарылыстарға ұласқан. Аслан Бақытжанов: «Дәл осы үшін айыптап, 15 жылға түрмеге жабу – барып тұрған бассыздық» дейді. Сондықтан ол істі әділ қарауды талап етеді. Оның сөзінше, қару-жарақ қоймасындағы жарылысқа екі сарбаз күдікті деп танылған. Қазір оларға қатысты тергеу жүріп жатыр.
Еске салсақ, былтыр Байзақ ауданындағы қару-жарақ қоймасында жойқын жарылыс болып, 17 адамның өмірі қиылған. Оқыс оқиға кезінде жоғалып кеткен бір әскериден әлі күнге хабар жоқ.