Астанада полициядан қашқан жүргізуші бөтен көліктің нөмірін ұрлап кеткен
Осыған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Нұр-Сұлтанда полицейлерге бағынбай қашқан кінәлілердің мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің ұрлығына да қатысы бар болып шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Есіл ауданының Полиция басқармасына елорда тұрғыны белгісіз біреу оның Kia Rio автокөлігінен мемлекеттік тіркеу нөмірін ұрлап кеткенін айтып арызданған. Арызданушы әлеуметтік желілердегі жаңалықтардан «Нұр-Сұлтандағы полицейлердің қуғынын» көріп, бейнероликтен тәртіп бұзған жүргізушінің жүксалғышында көрініп қалған өзінің мемлекеттік нөмірін таныған.
Анықталғандай, МТНБ ұрланғаннан кейін оның иесі белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік айыппұлдар туралы хабарламалар алған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 61 мың теңгеден астам айыппұлды кінәлі азамат төлейтін болады.
Айта кетейік, бұған дейін полицияға екі ер адамның тауар үшін төлем жасаудан бас тартып, көлігімен қашып кеткені туралы хабарлама келіп түскен болатын. Олар полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, қашып кетпек болған.
Сот шешімімен екі тәртіп бұзушы да қамауға алынды. Олар әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.