$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жаңа оқу жылына дайындық: көпбалалы аналар қымбатшылықтан шарасыз күйде отыр

 

Биыл киім-кешек, қағаз-қалам түгел қымбаттаған

Жаңа оқу жылына дайындық: көпбалалы аналар қымбатшылықтан шарасыз күйде отыр
Фото ашық дереккөзден

Жаңа оқу жылына оқушылардың бәрі бірдей дайын емес. Киім-кешек, қағаз-қалам түгел қымбаттаған. Мәселен, дәптер, қалам, түрлі түсті қарындаш, альбом, А4 қағазының құны 12,3 пайызға өскен. Бұл тек Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі ғана, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 Ал саудагерлердің келтірген бағасы мүлде бөлек. Базардағы бір дәптердің өзі өткен жылы 20-25 теңгеге сатылса, қазір 55 теңгеге бір-ақ шарықтаған. Яғни кемі екі есе. Жаңа оқу жылының басталуына аз қалғанда мектеп формасының құны да көңіл көншітпей тұр. Шетелдік киімдерді айтпағанда, отандық өндірушілердің өзі биыл бағаны 15 пайызға өсіріпті.

  Базардағы бағаларды көріп шошып жатқан Құндыз Сарбазованың алты қызы бар. Оның бесеуі мектепке барады. Оқу жылы жақындаған сайын алқымнан алған қымбатшылықтың кесірінен көпбалалы ана шарасыз күйде отыр. Амалы  таусылғаннан қыздары былтырғыдан қалған мектеп формасын амалдап киеді. Өйткені әрқайсысын толық киіндіру үшін кемі 100 мың теңге қаражат қажет. Ал қалам, дәптер, күнделік сынды кеңсе тауарларын жыл сайын сатып алуға мәжбүр.

Кеңсе тауарларының бағасы тоқтамай шарықтап жатқанын саудагерлер де мойындап отыр. Мәселен, дәптердің құны өткен жылы 20 теңге болса, қыста 25 теңгеге көтеріліп, қазір 55 теңгеге бір-ақ артқан. Бір бума А4 форатындағы ақ қағаз да 2 мың теңгеге өсіпті. Қытайлық өнімдер шамалы ғана қымбаттаса, Ресейден келетін тауарлардың құны айтарлықтай өскен.

Ал мектеп формасын өзі тігіп, өзі сататын отандық компаниялар да өнімдерінің құны соңғы 5-6 жылда тұрақты болса да, биыл бағаның өскенін растап отыр. Өйткені тауар елімізде өндірілгенімен, шикізаты шетелден келеді. Сәйкесінше өзге елден жеткізілетін материалдың шарықтауына байланысты мектеп формасы да 10-15 пайызға қымбаттаған. 

Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы басталып кетеді. Қазір ата-аналар ұл-қызын киіндіріп, дәптер, қаламын алып қамданып жүр. Алайда базарлардағы баға қарашаның қалтасынан қағып отыр.

 Ұлттық статистика бюросы тек дәптерлер бойынша ғана ақпаратты берді. Олардың мәліметінше, биыл елімізде дәптердің 1337 тоннасы шығарылса, 1302 тоннасы импортталған. Басым бөлігі ішкі нарықта саудаланыпты. Ал жалпы кеңсе тауарларының құны былтырғымен салыстырғанда 12,3 пайызға қымбаттаған.

Серіктес жаңалықтары