Үкімет басшысы жергілікті биліктің халықпен кездесуіне қатысты тапсырмалар берді
Ол проблемалардың біреуі де қараусыз қалмауы тиіс екенін айтты
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесу кестесі бекітілді. Жаңа форматқа сәйкес кездесулер «жүзбе-жүз, ашық тілдесу» түрінде өткізіледі. Өңірлерге жұмыс сапары кезінде министрлер азаматтарды жеке қабылдайды, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездеседі. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жоспарланған кездесулерге орай азаматтардың өтініштеріне арнайы алдын ала талдау жүргізілді. Мұның барлығы проблемаларды мұқият зерделеуге, оларды әкімдік деңгейінде немесе ведомствоаралық өзара іс-қимыл шеңберінде шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді», - деді Премьер-министр Әлихан Смайылов.
Жаңа форматқа сәйкес тұрғындар көтерген проблемалардың шешімі мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында да орналастырылатын болады. Халықпен кездесуден соң барлық деңгейдегі әкімдер түйткілді мәселелерді жүйелейді, ал оларды қаржыландыру мүмкіндіктері мәслихат сессияларында қаралады.
«Кейбір өңірлерде кездесудің жаңа форматына бейімделмей, ескі сүрлеуден шыға алмай отырғандар да бар. Кездесулерге еркін кіру принципі сақталуы керек. Мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципінің маңыздылығын атап көрсетті. Біз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін де тыңдай білуіміз керек. Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халық тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Олардың біреуі де қараусыз қалмауы тиіс», - деді Смайылов.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдың соңына дейін орталық және жергілікті органдар халықпен жоспарланған барлық кездесулерді бекітілген формат пен кестеге сәйкес өткізуі қажет. Бұл ретте мемлекеттік органдар заманауи коммуникациялар мен ресурстардың бәрін пайдаланып, әр кездесуді кеңінен жариялап отыруы керек. Осыған байланысты Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма жүктеді.
«Орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары түйткілді мәселелерді жедел шешуге баса назар аудара отырып, өткізілетін кездесулердің нәтижелілігін арттырсын. Көтерілген мәселелерді шешіп, нысаналы топтармен тұрақты кездесулер өткізуді тәжірибеге алуы керек. Ұлттық экономика министрлігі мен Ақпарат министрлігі халық көтеретін барлық мәселелерді жүйелесін және осы проблемаларды шешу жөніндегі тиісті іс-шаралар жоспарын бекітсін. Өңір әкімдері республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша тиісті құжаттар дайындауды тездетсін және бюджеттік өтінімдерді орталық мемлекеттік органдарға енгізсін. Ұлттық экономика, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау үшін әкімдер мен министрлердің халықпен кездесуін бағалау критерийлерін әзірлесін», - деп тапсырды Премьер-министр.