«Үтік басып күйдірген»: полицейлер Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталған 23 азаматты азаптаған
Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша 5 полиция қызметкері күдікті деп танылды
Бас прокуратура қаңтар айындағы оқиғалар кезеңінде ұсталғандарға азаптауды қолданған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта арнайы прокурорлар Алматы облысының полиция департаментінде үтік басып азаптау әдісін қолдану туралы іс бойынша тергеу әрекеттерін аяқтады.
«Тергеу нәтижесінде полиция қызметкерлерінің 2022 жылғы 7-17 қаңтар аралығында Талдықорған қаласында жаппай тәртіпсіздік жасағаны үшін ұсталған 23 азаматқа азаптау қолданғаны дәлелденді», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша 5 полиция қызметкері күдікті деп танылды, оның ішінде 3 Криминалдық полиция басқармасының қызметкері, 1 Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы және 1 ЖҚАЖ қызметкері бар.
«4 тамызда қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Азаптауды қолданудың басқа да фактілерін тергеу аяқталуға жақын», - деп атап өтті прокуратура өкілдері.