Тіл жанашырлары қоғамдық ұйым өкілдері тіл туралы заңды елемейді деп отыр
Қазақстанда мың түрлі қауымдастық пен одақ, заң органдарының сайттары мәліметті көбіне орыс тілінде таратады. Тіпті кейбірінде «қазақ тілін» таңдау тетігі атымен жоқ. Тіл жанашырлары қоғамдық ұйым өкілдері тіл туралы заңды елемейді деп отыр. Өйткені қауымдастық, одақ басшысы қай тілде еркін сөйлесе, ақпарат та сол тілде жарияланады екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Әлия Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі. Айтуынша, қазір салалық сайт көбіне тек орыс тілінде ғана ақпарат таратып жүр. Бұл жағдай көптеген қиындықтарға әкеп соғыпты. Яғни, тіл білмейтін не жетік түсіне бермейтін мамандар өзекті проблемаларды талқылаудан тыс қалған. Іс-қағаздарда да мемлекеттік тілдің рөлі аз. Мәселен, республикалық адвокаттар алқасының сайтында орыс тілінде жарияланған ұстаным саны - 34, қазақ тіліндегісі біреу ғана. Ал қалалық алқаның сайтына салынған мәлімет толық аударылмайды екен.
«Қаланың өзінде адвокаттардың көбісі орыс тілін мүлдем білмейді. Неге осылар тепе-тең орыс тілінде де, қазақ тілінде де талқыланбайды деген сұрағыма «у нас рабочий язык русский» деп жауап берді. Тіпті осы «Жаңа Қазақстан - жаңа адвокатура» концепциясының өзі бізге орыс тілінде жолданды», - дейді Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Әлия Серікбаева.
Тіл жанашырлары түрлі сала өкілдері бас қосып, диалог құратын, шешімдерін жариялайтын сайттары да орыс тілінде ақпарат ұсынады деді. Мысалы «заңгерлер одағының» сайты. Мұнда мемлекеттік тілде ақпарат жарияланған. Бірақ қазақ тілді оқырманға арналған арнайы беті жоқ. Яғни, «о нас, новости, контакты» бәрі орыс тілінде. Ал салық төлеушілер, жиһаз және ағаш өңдеу, риэлторлар қауымдастығының онлайн платформалары жаңалықты тек орыс тілінде таратады екен. Яғни, қазақша ақпар жоқ. Бұл талаптың жоқтығынан дейді тіл жанашырлары.
«Қазір бізге заң қолбайлау болып отыр. Мысалы, кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғалы бері біз тіпті кәсіпкерлік нысандарына барып, мынаны қазақша түзет, мына жері қате немесе неге қазақ тілінде жазбаң жоқ деп айта алмайтындай деңгейге жетіп отырмыз», - дейді тіл жанашыры Данияр Жұмаділ.
Тіл жанашырлары бұған қоғамның өзі кінәлі деп отыр. Әрі заңды түрде талап қойылмай мәселе шешілмейді. Алматы қалалық адвокаттар алқасының өкілдері болса, сайтта мәлімет екі тілде де жарияланады деді. Ал әр ақпарат дер кезінде жаңартылып отырады екен.