Жаңа орталық Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша құрылды
Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығы құрылып, оның басшысы болып Тимур Сүлейменов тағайындалды. Бұл туралы Президент баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Президент Әкімшілігі жанынан Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығы құрылды. Мемлекет басшысы мұндай институт құру туралы 2020 жылдың 24 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Орталыққа Президент Әкімшілігі Басшысының әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Т.М.Сүлейменов басшылық етеді», - деп хабарлады.
Орталықтың құрамына экономика және қаржы саласы бойынша белгілі қазақстандық сарапшылар кіреді. Орталықтың негізгі міндеті – бейтарап сараптама әзірлеу және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жедел жүзеге асыру үшін нақты ұсыныстар дайындау.