$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазақстан үшін соңғы демім қалғанша күресемін»: Қазнетте орыс жігіттің әсерлі жазбасы тарады

Блогердің жариялаған жазбасы қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға ие болды

«Қазақстан үшін соңғы демім қалғанша күресемін»: Қазнетте орыс жігіттің әсерлі жазбасы тарады

Андрей есімді блогер Қазақстанның атына лайықсыз сөздер айтатын ресейлік саясаткерлерге жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі.

Ол бейне үндеуді өзінің TikTok парақшасында жариялады.

«Өзім орыс болсам да туғаннан Қазақстанда тұратын қазақстандық ретінде айтамын: мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ, бізге ешкім тиіспейді. Жалпы, Қазақстанға тиіскенді қойыңдар. Біз мұнда жақсы өмір сүріп жатырмыз. Қазақтар – ең қонақжай халық. Мен оларға мені қабылдағаны үшін, менің халқым болғаны үшін өте ризамын. Өз елім – Қазақстан үшін соңғы демім қалғанша күресемін. Сондықтан қысым көрсетеді деген орынсыз сөз айтудың қажеті жоқ. Бәріне рақмет! Ал қазақ халқына үнемі жанымызда болғаны үшін үлкен алғыс айтамын», - деді Андрей.

Блогердің жариялаған жазбасы қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Мыңдаған желі қолданушылары аямай пікір қалдырды.

«Жарайсың! Олар айта берсін. Біз бір-бірімізді жақсы көреміз және құрметтейміз», «Өз еліміздің патриотын сыйлаймыз. Сәттілік, бауырым», «Қазақтар бізге қысым көрсеткен емес. Біз, Қазақстанда тұратын орыстар, ешқашан қазақтарға қарсы шықпаймыз. Олар бүкіл әлемдегі ең мейірімді халық. Бізге тиіспеңіздер», «Мен қолдаймын! Мен Қазақстанда тұрамын, бүгінге дейін қазақтардан көңіліме тиетін сөз естіген емеспін. Елімді, халқымды жақсы көремін», «Біз еліміздегі барлық ұлт өкілдерін құрметтейміз. Бұл біздің Отанымыз», «Мен өзім орыс болғаныммен Қазақстанда дүниеге келдім, қазақтар – керемет халық. Алға, Қазақстан», «Қазақстанда ешқашан ұлтқа бөлінбеген. Барлығы тыныш, бейбіт өмір сүріп жатыр», - деп жазды желі қолданушылар.

Бұған дейін РФ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің «ВКонтакте» желісінде саясаткердің атынан «Ресей қайтадан біртұтас болады», «Қазақстан – жасанды мемлекет» деген хабарлама тарады. Кейінірек аталған жазба өшіріліп, оның парақшасын белгісіз адамдар бұзып кіріп, осындай жазба қалдырды деп түсіндірген болатын.

Саясаттанушы Досым Сатпаев Медведевтің агрессивті сыртқы саясатты белсенді қолдануы арқылы, Кремль насихатшыларынан еш айырмашылығы жоқ деген пікір білдірді. Кейінірек Медведевтің өзі бұл жолмен біреу одақтастардың арасына от салуға тырысуда деп мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары