Салынғанына 30 жылдан асқан Екпін ауылындағы мектептің бұрыштары құлағалы тұр
Қыркүйек – қыр астында. Сабақ басталуға санаулы күндер қалды. Алайда Абай облысындағы кейбір білім ордалары жаңа оқу жылына дайын емес. Ақсуат ауданының Екпін ауылындағы мектептің қабырғалары жарылып, көгеріп кеткен. Бұл туралы Azattyq Ruhy Хабар арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Спорт залдың төбесінен су сорғалағандықтан, комиссия шешімімен жауып тастапты. Жергілікті шенділер 300-ден астам бала білім алатын мектептің мәселесін беске білгенімен дәрменсіз. Ал ата-аналар айта-айта шаршаған секілді.
«Жөндеу жұмыстарын жүргізу толық керек. Балаларымыз мұнда оқи алмайды. Баланың денсаулығына өте зиян. Кабинеттердің бәрінен су ағады. Кейбір бұрыштары құлағалы тұр», - дейді ата-ана Майра Солтанбаева.
Мектеп басшылығының айтуынша, 161 терезе мен 107 есікті ауыстыру қажет. Білім ордасындағы парталар мен шкафтар да ескірген. Ағымдағы жөндеуге бөлінетін қаржы төменгі қабаттағы бөлмелерді әктеп, сырлауға ғана жететін көрінеді.
«Бастауыш сыныптар, тағы да басқа пән кәбинеттері су кіргендіктен көгеріп, оқуға жарамсыз болып тұр. Былтырғы оқу жылында ол кабинеттерді жауып, балаларды басқа кабинеттерде оқытқанбыз. Биылғы оқу жылында да солай істейміз деп отырмыз», - деді мектеп директорының міндетін атқарушы Берікхан Құрманғожин.
Өйтпеске амалдары да жоқ. Ал аудандық білім бөліміндегілер мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттың дайындалып жатқанын айтты.
«Құжаттың нақты сомасы мемлекеттік сараптамадан соң белгілі болады. Құжат нақты аяқталғаннан кейін бюджетке өтінім беріледі. Қаражат бөлінген жағдайда 2023 жылы мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жасалынады», - деді Ақсуат аудандық оқу-ағарту бөлімінің бастығы Самал Дәуітбаева.
Салынғанына 30 жылдан асқан мектептің оқушылары қазір екі ауысыммен оқып жатыр. Білім ордасына жеделдетіп жөндеу жасалмаса, бұл күндеріне де зар болып қалуы мүмкін.