Нұр-Сұлтан – Чэнду жаңа әуе рейсі ашылады
Қытайдың «Air China» авиакомпаниясы әр жексенбі сайын жолаушылар тасымалдайтын болады

21-тамыздан бастап Нұр-Сұлтан – Чэнду жаңа рейсі ашылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Халықаралық қатынастарды одан әрі жаңарту және ашу жөніндегі жұмыс шеңберінде ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Қытай Халық Республикасының авиациялық биліктерімен бірлесіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерін ұлғайту мәселесін пысықтады.
Қытайдың «Air China» авиакомпаниясы биыл 21 тамыздан бастап А320 типті әуе кемелерінде әр жексенбі сайын Нұр-Сұлтан – Чэнду жаңа бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін бастауды жоспарлап отыр.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын ұлғайту екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді. Ұшуларды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуекомпания сайтында жарияланған кестемен орындау жоспарланғанын атап өткен жөн», - деп көрсетті ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.