Қарағанды облысында бұрынғы бастығынан кек алмақ болған азамат гаражды өртеп жіберді
Келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгені құрады
Қарағанды облысында бұрынғы бастығынан кек алмақ болған азамат гаражды өртеп жіберді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаражал қалалық полиция бөліміне 53 жастағы азамат хабарласып, гаражының өртенгенін айтқан. Гараждың ішінде автокөлік болған.
Криминалдық полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы жергілікті тұрғынды ұсталған.
«Күдікті жәбірленушіден кек алу мақсатында осы әрекетке барғанын мойындады. Бұрын ол жәбірленушінің қарамағында жұмыс жасап, шаруа қожалығынан мотоцикл ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты. Сол себепті күдікті қастандық жасап, түнгі уақытта гаражға бензин құйып өртеп жібермек болған», - деп көрсетті Қарағанды облыстық Полиция департаменті.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 202 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.