Азық-түлік бағасының өзгергеніне қатысты мәліметтің мән-жайы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралады
«AMANAT» партиясы жанындағы азық-түлік және халық тұтынатын тауарлардың бағасына мониторинг жүргізетін қоғамдық топтардың жұмысы белсенді жалғасып жатыр. Осы аптада партиялықтар Өскемен, Ақтөбе, Тараз және Шымкент қалаларындағы сауда нысандарын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шығыс Қазақстан облысында партиялықтар сәбіз 28,9%-ға немесе бір килограммы 250 теңгеге, картоп 21,8%-ға немесе бір килограммы 218 теңгеге, майлылығы 2,5% айран 24,2%-ға немесе литріне 410 теңгеге қымбаттағанын тіркеді. Сонымен қатар, нан 14,9%-ға немесе бір бөлкесі 160 теңгеге дейін, күнбағыс майы 13,6%-ға немесе литріне 715 теңгеге дейін арзандады.
«Кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік бағасының 15%-дан артық өсуіне жол бермеуі тиіс. Бағаны жөн-жосықсыз көтерген сатушыларға ескерту жасадық. Егер қайта тексеру кезінде жағдай қайталанатын болса, мемлекеттік құзырлы органдар оларға қатысты айыппұл санкцияларын қолданады. Мәселен, бәсекелестікті қорғау Агенттігі, тұтынушыларды қорғау Комитеті және тағы басқалар. Сондай-ақ санитарлық кітапшалардың болуын міндетті түрде тексереміз. Кейбір сауда орындары талаптарды сақтамайды», – деді Өскемен қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Серік Оразбайұлы.
Мониторинг топтары Жамбыл облысында да белсенді жұмыс істеп жатыр. Өңірде баға деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Атап айтқанда, бірінші сұрыпты бидай ұны 10,8%-ға немесе килограмы 199 теңгеден, қырыққабат 27,7%-ға немесе килограмы 81 теңгеден, тауық жұмыртқасы 11%-ға немесе 10 данасына 331 теңгеден қолжетімді. Тараз қаласында партиялықтар бірқатар сауда орталықтарын аралады. Баға облыстық кәсіпкерлік басқармасы белгілеген бағамен сәйкес келеді. Алайда дүкендердің бірінде қант болмай шықты. Аманаттықтар азық-түлік түрлері толық болуы үшін тиісті ұсыныстар әзірледі.
Шымкент қаласындағы ірі супермаркеттердің бірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері іс жүзінде болғанымен, сатып алушылар үшін оны тауып алу қиынға соғады. Себебі бұл өнімдерді ең төменгі сөрелерде немесе алыс бұрыштарда орналастырады. Тағы бір мәселе – азық-түліктің төменгі шекті мәні бойынша аз болуы. Мәселен, партиялықтар бір килограмы 2230 теңгеден белгіленген сиыр еті бар болғанымен, өте шектеулі көлемде екенін атап өтті. Сауда нысанының басшылығына ескерту жасалды. Ал қалалық базарлардың бірінде көкөніс пен жеміс сатушылар жеткізушілердің бағаны күн сайын өзгертетінін айтып, шағымданады. Қалада бәрінен бұрын пияз бағасы қымбаттады. Оның бағаы 49,2%-ға өсіп, бір килограммы 285 теңгеге жетті. Сүт 20,8%-ға қымбаттап, бір литрі бүгінде 372 теңгені құрап отыр.
Ақтөбеде мониторинг тобының мүшелері облыс орталығында орналасқан супермаркеттердің біріндегі және орталық базардағы бағаны тексерді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіндегі өнімдердің түр-түрі бар. Өрескел бұзушылықтар анықталған жоқ. Жалпы, өңірде баға төмендеп келеді. Мәселен, сары май бағасы 15,9%-ға арзандап, бір килограммы 2749 теңгені, тауық жұмыртқасының бағасы 22%-ға төмендеп, 10 данасы 290 теңгені, тұз 23%-ға арзандап, 47 теңгені құрап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада еліміздің барлық облысы мен ауданында мониторинг және қадағалау жүргізетін 216 партиялық топ жұмысқа кірісті. Мониторинг топтары күн сайын жұмыс істейді. Аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өзгергеніне қатысты мәліметтің мән-жайы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралады. Өзгеріс анықталған жағдайда мәселені шешу үшін ұсынымдар әзірленіп, нақты мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленеді.