Шымкентте үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2023 жылдың соңына дейін аяқталады
Тағы бір үлкен жолайрық биыл пайдалануға беріледі

Шымкентте екі бірдей жолайрықтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс нысандарына барып, жұмыстың қалай жүріп жатқанын бақылады.
Шаһар басшысы алдымен Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Нәтижесінде аталған көшелердің көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жолайрықтың техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек. Қазіргі уақытта аталмыш құрылыс нысанында Арғынбеков көшесі бойымен тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйдібек би даңғылында көпір өткелі конструкциялары орнатылуда.
Естеріңізге сала кетейік, жолайрықтың Бәйдібек би бойындағы көлік қозғалысы 6 шілде күні жабылған болатын. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Бәйдібек би даңғылы бойымен солтүстік бағытта көлік қозғалысы жартылай ашылып, оңтүстік бағытта көлік ағыны Арғынбеков көшесінн бұрылып Байтұрсынов көшесіне қарай өтеді.
М.Әйтенов сондай-ақ, Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайрықтың да құрылысын тексерді. Аталған нысан 2022 жылдың соңына дейін аяқталады және мұндағы жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде.
Былтыр, көлік кептелісін азайту мақсатында, жолайырық құрылысы толық аяқталмай техникалық тұрғыда көлік қозғалысына ашылған еді. Қазір аяқжолдар салу жұмыстары, жер асты өткелін әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүруде. Жоғарыда айтылғандай, екі деңгейлі жолайрықтың құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталып, 2022 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланған.
Көлік қозғалысы үшін Арғынбеков көшесіне альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген. Ал, Бәйдібек би даңғылына альтернативті көше ретінде Бәйтереков, Шаяхметов және Өтегенов көшелері белгіленген.