Шымкентте жылдың алғашқы 5 айында 22 мыңнан астам жұмыспен қамтылған
Жобаны қаржыландыру үшін бюджеттен 7,2 млрд. теңге қарастырылған
Шымкент үшінші мегаполиске айналғалы бері қалада жұмыссыздықпен күрес жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жыл сайын қалада мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылып, оқуды жаңа бітірген жастардың және өзге де жұмыссыздардың проблемасы оң шешімін тауып келеді.
Ал, биыл жылдың алғашқы 5 айында шаһарда 22 мыңнан астам жұмыспен қамтылған. Бұл туралы бүгін елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Мұрат Әйтенов айтты.
Шымкент басшысы әлеуметтік саладағы басты мақсат халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту екенін баяндады. Оның сөзінше биыл 57 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
«Осы жылы 5 айда 22 мыңнан астам адам қамтылды. Жобаны қаржыландыру үшін бюджеттен 7,2 млрд. теңге қарастырылған.
«Тең қоғам» орталығында 1900 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін бюджеттен – 4,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды», - деді Мұрат Әйтенов.
Шымкентте көпбалалы аналарға қолдау мақсатында құрылған «Бақытты жанұя» орталығы бар. Мұнда қазіргі таңда 7 мыңнан астам көпбалалы анаға қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, орталықта әйелдердің жаңа кәсіпті меңгеруіне, қосымша білім алуына жағдай жасалынған.