Демалыс үйлерінің иелеріне осындай ұсыныс айтылды
Нұр-Сұлтан мен Қарағандыдан Баянауылға аптасына үш рет, қыста аптасына бір рет тұрақты рейстер жоспарланып отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды қаласындағы «Балапан» авиациялық оқу орталығының орынбасары Мақсат Ыбыраевтың қатысуымен Баянауыл ауданында шағын авиацияны дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, демалыс үйлерінің иелеріне сыйымдылығы 9 адамдық Ан-2 ұшағымен Нұр-Сұлтан – Баянауыл және Қарағанды – Баянауыл бағыттарында чартерлік рейстерді орындау мүмкіндігі ұсынылды.
«Демалыс үйлерінің иелері бұл мәселеге үлкен қызығушылық танытты. Алдағы уақытта Нұр-Сұлтан мен Қарағандыдан Баянауылға аптасына үш рет, қыста аптасына бір рет тұрақты рейстер жоспарланып отыр», - деді басқарма өкілдері.
Қалааралық рейстерден басқа, бүгінгі таңда Баянауылдың үстімен екі-тоғыз орындық ұшақтармен немесе тікұшақпен ұзақтығы 15-20 минуттық экскурсиялар ұйымдастыруға болады.
Бұл экскурсиялардың құны бір адамға шамамен 30-40 мың теңгені құрайды.