Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде Ант қабылдау шарасы өтті
Ант қабылдау шарасы күні 5547 әскери бөлімнің саптық алаңында салтанатты сап түзеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әскери бөлім командирі подпоковник Төлеби Чубаев Әскери антты салтанатты түрде қабылдау шарасы ашық деп жариялаған соң, оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Гимн шырқалып, еліміздің көк байрағы көтерілді.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, ардагерлер мен жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен полиция басшылары қатысты.
Ұлттық ұлан қатарына Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан бір ай бұрын шақырылған 160-тан аса жас сарбаз аз уақыттың ішінде әскери тәртіпке үйреніп, алғашқы дайындық кезеңінен өтті. Ұлттық ұланның міндеттерімен танысты. Әскерге іштей тас-түйін дайындықпен келген кешегі бозбала бүгін сарбаз болып, Отанына адал қызмет етуге ант берді.
Жауынгерлік қызметтегі маңызды рәсім аяқталған соң мінберге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев, 5547 әскери бөлімінің командирі подпоковник Төлеби Чубаев, ардагерлер мен балаларының ант қабылдап, сарбаздар қатарына қосылғанын көргелі келген ата-аналар шығып, құттықтау сөз сөйледі.
«Әскери ант – әскерилер өміріндегі ерекше рәсім. Ант қабылдау арқылы сіздер Отан алдындағы азаматтық борыштарыңызды қалтқысыз атқаруға, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне адал болуға, әскери және мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға, әскери істі мұқият үйреніп, оның ауыртпалықтарын көтере білуге, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға міндеттеме аласыздар. Алдағы уақытта мемлекет пен халық алдындағы конституциялық борыштарыңызды атқару кезінде барлықтарыңыздың осы қабылданған антты бұлжытпай орындап, әскери қызметтеріңізді абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін», - деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев.
Салтанатты рәсімнен кейін жас жауынгерлер келген қонақтар мен ата-аналарға бір ай көлемінде үйренген жауынгерлік ұрыс, қарумен және қарусыз саптық тәсілдерді орындаудан көрініс көрсетті. Сондай-ақ бөлімнің әскери оркестрінің әуелеген плац-концерті мен дефиле қойылымдары тамашаланды.
Әскери ант қабылдау шарасы соңында жас жауынгерлерге ата-ана, туыстарымен бірге қала аралап, серуендеп қайту мүмкіндігі берілді.