Жамбыл облысында ауыл тұрғындары 6 айдан бері пайдаланбаған газ үшін түбіртек алып отыр
Ал аймақ басшысы бұл мәселеден хабарсыз болып шықты
Жамбыл облысы Қордай ауданының Қызылсай ауылында үйлерге қосылмаған табиғи газ үшін түбіртектер келіп жатыр. Ауылдықтар мұндай түсініспеушілік жергілікті биліктің жалған ақпарат беруінен туындап отыр деп есептейді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Хабар арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қызылсай ауылына көгілдір отын құбыры үш жыл бұрын тартыла бастаған. Әр отбасы үйлеріне дейін кіргізу үшін 350-ден 450 мың теңгеге дейін шығынданған. Алайда мердігер компания ауылдағы 40 үйді ғана газдандырыпты. Қалған 170 үй әлі де табиғи газдың игілігін көре алмай отыр. Алайда оларға газ ақысын төлеу жөніндегі түбіртектер келе бастаған.
«7 мың теңге төлейсің», – дейді. Газ жоқ, ештеңе жоқ, неге төлеймін? Кіргізіп, дап-дайын тұр. Тек пешіміз жоқ. Ал арғы жаққа қаңтар айында келді. Бізде жоқ»,- дейді Қызылсай ауылының тұрғыны Бейқұт Тоғызақова.
«Түбіртек келіп жатыр. Маған өткенде наурыз айына төле деп хабарласты. Қордайға хабарласып едім, бұл мәселеден бейхабар. Олар: «Қалайша сендерде газ жоқ», – деді. Одан кейін 3-4 күн болды тағы да келіпті. Қордайға хабарлассам, қызмет үшін дейді. Қандай қызмет үшін деп жатырмын?», - деді Асқарбек Молдажанов.
«Мен өзім 450 мың теңге төледім. Анау-мынау деп 1 млн теңге ақша кетті. Бір жыл болды. Былтыр қыс бойы көмір сатып алдық. Қордайдың «РайГазына» қосу үшін 60 мың теңге төледік. Рұқсатына дейін алып қойдық. Өткенде келіп есептеуішті суретке түсіріп кеткен, одан кейін түбіртек келіпті. 2 мың бірдеңе теңге газ жақтыңдар деп»,- дейді Абылайбек Ыбыраев.
Аталған мәселеге қатысты мердігер де, облыстық газ компаниясының филиалы да сұхбат беруден бас тартты. Ал жергілікті билік аудандағы газға жауапты мекемені кінәлап отыр.
«Оның бәрін біліп отырмыз. Сіздер жақпаған газға төлемейсіздер. «РайГаздың» жіберген қателігі болып тұр ғой. Ондай проблема Ауқаттыда да болған. Бірақ ауқаттыдағы тұрғындар «РайГазға» барып, ақыр аяғында төлемейтін болды»,- дейді Ауқатты ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Айдын Асылбек.
Жарты жылдан бері пайдаланбаған газ үшін түбіртек алып отырған Қызылсай ауылының тұрғындары: «Бұл түсініспеушілік – жоғарыға берілген жалған ақпараттың салдары», – дейді. Өйткені облыстың бұрынғы әкімі ауылдарда газ мәселесі жоқ деген-мыс. Қазіргі аймақ басшысы бұл мәселеден хабарсыз болып шықты.
«Газ мәселесін анықтайық. Шынымды айтсам, оның жағдайын жақсы білмеймін. Бірақ жаңағы баяндамада жоспарды айтып кеттім. 2025 жылы 100% 371 мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Ал Қызылсай бойынша Қордай ауданына барғанда міндетті түрде кіріп зерттеймін»,- деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.
Жергілікті билік пен Қызылсай ауылы тұрғындарының айтуынша, бейнесюжеттің түсірілімінен кейін үйлерге газ тарту жұмыстары қайта жанданыпты.