Тоқаев жақында ерекше мәртебеге ие болған Семей әкімін қабылдады

Автор: Azattyq Rýhy

Президент Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойын шетелден мамандар тартпай ұйымтастыруды тапсырды

Фото: akorda.kz

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовті қабылдады. Кездесуде қала әкімі Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндаған.

«Кездесуде тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу, атап айтқанда, тері-жүн комбинатының жұмысын қайта жүргізу мәселесі қарастырылды. Сонымен қатар радиологиялық орталықты пайдалануға беру мен жаңа мектептің құрылысы, жол жөндеу жұмыстары мен көшелердің абаттандырылуы сөз болды», - делінген Ақорда сайтындағы хабарламада.

Сондай-ақ Президент Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойлық шараларды сапалы әрі шетелден мамандар тартпай ұйымдастыруды тапсырды.

«Мемлекет басшысы Семейге тарихи орталық мәртебесін беру жөнінде маңызды қадам жасалғанын атап өтіп, оның музейлер жұмысының сапасын арттыруға және қаланың көрікті жерлерін абаттандыруға бағытталған тиісті шаралар қабылдауды талап ететінін айтты. Аталған нысандар туристер мен қала қонақтары үшін тартымды болып, қызмет етуі тиіс», - делінген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ермак Сәлімовке волонтерлер қозғалысымен бірлесіп, «Семей орманы» аумағында ағаш егу жұмыстарын ұйымдастырып, бұл акцияға жастардың қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін айтқан.