Талдықорғанда пара алған ТЖД-ның лауазымды тұлғаларына қатысты сот үкімі шықты
Сот шешімімен оларға миллиондаған айыппұл салынды

Талдықорған қалалық сотында пара алу фактілері бойынша ТЖД-ның лауазымды тұлғаларына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Е.Ахашовқа пара алғаны үшін 6,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Қонаев қаласы ТЖБ бастығы А.Түркестановқа бірнеше рет пара алғаны үшін 47,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Осы сот үкімі аясында "Золотое руно" казино ойын залының басшысы Е.Аталиковаға пара бергені үшін 6,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, сондай-ақ полковник, азаматтық қорғау подполковнигі сынды арнайы атақтарынан айырылды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.