$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Соңғы 3 айда Маңғыстау облысына 55 мыңнан астам турист келген

Бүгін өңірдегі туризмді дамыту мәселелері талқыланды

Соңғы 3 айда Маңғыстау облысына 55 мыңнан астам турист келген

Бүгін, 28 шілдеде "Rixos Water World Aktau" қонақ үйінде жиын өтті, онда Маңғыстау облысында туризмді дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Иран Республикасы арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту, оның ішінде бірлескен туризмді дамыту мақсатында іс-шараға Ақтау қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Хабиболла Малакути Фар және Иран Ислам Республикасының бір топ туроператорлары қатысты.

Жиында сөз алған аймақ басшысы Маңғыстау облысы шетелден келген туристерді қарсы алуға әрдайым дайын екенін жеткізді.

«Маңғыстау облысының бай мәдени-тарихи мұрасы бар.  Мұнда орналасқан табиғи, мәдени және тарихи ескерткіштер Маңғыстау түбегіне бірегейлік беріп, жергілікті тұрғындар мен туристердің мәдени құндылықтарын қалыптастыруда ерекше әсер береді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстан-жаңғыру және Жаңару жолы" аясында елімізде болып жатқан жаңа өзгерістер таяу жылдары Қазақстандағы экономикалық өсудің жаңа қозғалтқышына айналатынын және бүгінгі кездесу екі ел арасындағы туризм саласын одан әрі дамытуға оң ықпал ететінін атап өтті. Бүгінгі кездесудің барлық қатысушыларына, ұйымдастырушылары мен қонақтарына табысты жұмыс, тиімді өзара ынтымақтастық, берік серіктестік байланыстар, амандық және белгіленген жоспарлардың табысты жүзеге асуын тілеймін, - деді Нұрлан Ноғаев.

Соңғы 3 айда өңірге 55 мыңнан астам турист келген. Маңғыстау табиғаты тарихи орындармен, таулы аймақтармен, теңіз жағалауымен ерекшеленеді.

Маңғыстау облысы туризм басқармасының басшысы Данияр Өтешовтың айтуынша, Иранның туристік агенттіктерінің өкілдерімен кездесудегі мақсат – өңірді таныстыру, сондай-ақ Маңғыстауға көптеген шетелдік туристерді тарту.

Иран азаматтары үшін визасыз режим енгізу - Қазақстан мен Иран Республикасы арасындағы туризмді дамытудың маңызды факторы болып саналады.

Иран туроператорларының айтуынша, Маңғыстау жеріне бастапқыда 10 мыңнан астам турист келуге мүмкіндік бар. 

«Біз авиарейстерді аптасына екі рет, одан кейін күніне бір рейске дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Біз ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз және оның жемісті болатынына сенімдіміз. Әзірге біздің елімізден Қазақстанға келетін туристердің нақты санын анықтау мүмкін емес. Бірақ бұл көрсеткіш бастапқыда жылына 10 000 туристке дейін жетеді деп ойлаймыз. Біз қазақ халқының қонақжайлылығына өте ризамыз. Маңғыстау жерінің табиғаты ерекше. Иран туристері тарихи жерлерде, теңіз жағалауларында демалғанды жақсы көреді», - деді Ираннан келген туристік агенттіктің директоры Вахид Хейдари.

Серіктес жаңалықтары