Петропавлда есірткі зертханасы табылды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Күдікті – 20 жастағы қала тұрғыны

Петропавлда есірткі зертханасы табылды. Синтетикалық психотроптық затты өндіру және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Күдікті – 20 жастағы қала тұрғыны. Тінту барысында өсімдік тектес зат салынған 8 полимер түйіншек болған. Тағы 52 түйіншек пен сұйықтық құйылған екі ыдыс Халтурин көшесі бойындағы тұрғылықты мекенжайынан табылды. Сараптама «спайс» деген атпен белгілі синтетикалық есірткі, сондай-ақ оны дайындауға арналған прекурсорлар екенін көрсетті. Күдіктінің айтуынша, есірткіні ол жеке пайдалану үшін сақтаған. Сонымен қатар, тәркіленген есірткінің саны 200 реттік дозаға жуық, есірткі затының жалпы салмағы – шамамен 8 грамм, ол аса ірі мөлшерге жатады. Оның үйінен респираторлар, грамдық таразылар, өлшеуіш колбалар мен синтетикалық есірткіні дайындауға арналған басқа да құрылғылар тәркіленді.

«Қазіргі уақытта күдікті қамауда. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Баптың санкциясы 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді», - дейді СҚО Полиция лепартаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Басыбаев.

Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткі мидың ауыр зақымдануына әкеп соқтырады. Бұл препараттарды қолдану кезінде ми тамырлары күрт тарылады. Петропавлда есірткі сататын интернет дүкендердің электрондық мекенжайы жазылған граффитилер көп. Полицейлер мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары кейде оларды бояп үлгермей жатады.