Шығын 10 млн теңге: Қазығұртта мал ұрлады деген күдікпен екі адам ұсталды
Оларға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр

Полицейлер жергілікті тұрғындардан мал ұрлаған 2 күдіктіні ұстады. Бұл туралы Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазығұрт АПБ-ға бірнеше жәбірленушіден хабарлама түсті. Ауыл тұрғындарының айтуынша, белгісіз біреулер олардың қорасы мен жайылымда жүрген малын ұрлап кеткен. Күдіктілер 5 жылқы мен 10 бас ірі қара малды ұрлапты.
Аталған фактіні полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «мал ұрлығы» бойынша тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті.
Жәбірленушілерге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 10 миллион теңгені құрады.
Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәгерлер мен ауылдастарының пікірін алды. Мал тасымалдайтын автокөліктер мұқият тексерілді.
Нәтижесінде жедел уәкілдер екі күдіктінің ізіне түсті. Оларды тұрғылықты жері бойынша ұстады.
Белгілі болғандай, екі ер адам «оңай пайда табу» мақсатында ұрлап кеткен. Көп ұзамай ұрланған малды қасапшыларға сатып жіберіпті.
Қазіргі уақытта күдіктілердің екеуі де қамауға алынды, оларға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.