Семейде бүтін бір ықшам аудан сусыз отыр
Су құбырының қашан тартылаты әзірге белгісіз
Семейде бүтін бір ықшам аудан ыстық күнде суық сусыз қалды. Мұндағы тұрғындар тіршілік нәрін құдықтан алып ішеді. Аптап ыстықта жер астынан шығатын сол тұзды судың өзі тартылып қалған. Ал көшедегі суағарларды жергілікті билік орталық желіден ажыратып тастапты. Сондықтан жұрт ауыз суды алыстан тасып ішуге мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Нахаловка кентінің тұғындары талай жылдан бері тіршілік нәріне жарымай келеді. Әйтседе, мына бір ұзын көшеде, орталық су құбырына қосылған екі құдық бар. Бірақ, шенеуніктер халықпен санаспастан оны кесіп тастаған. Енді соның салдарынан тұрғындар ауыз су таппай зар қағуда. Судың да сұрау бар деген нақылды тұрғындар жақсы біледі. Өйткені, жасы да, жасамысы да таза ауыз суды екі шақырым жерден тасымалдап ішуде. Үнемділікті үйренген жұрт бір ыдыс суды апталап тұтынуға мәжбүр. Ал, үйлердің ауласындағы жер құдықтан шығатын тіршілік нәрі ішуге жарамсыз. Оның үстіне, тұзды су аптап ыстықта тартылып қалған.
Су сұрап талай табалдырықты тоздырдық деген жұрттың шенділерге өкпесі қара қазандай. Қаражаттың жоқтығын сылтау еткен атқамінерлер қарашаға кентке орталық су құбырын өздері тартуды бұйырыпты.
Қазір халық жуынбақ түгілі, аптап ыстықта шөл қандыруға зар болып отыр. Ал, атқамінерлер жұртты тығырықтан шығарудың орнына кенттегі орталық су құбырына жалғанған қос құдықты қиып тастаған. Олар, сегіз жыл бойы ешкім бізден су сұрамады деп ақталуда.
«Колонканы неге алдық? Осы кақытқа дейін колонкаға заңды түрде тіркелген абоненттердің жоқтығы себеп. Екінші, төлемақы жоқ. Үшінші осы уақытқа дейін ешқандай шағым түспегендіктен колонкаларды алып тастауға тура келді», - деді «Семей Су Арнасы» МКК бөлім басшысы Талғат Мадияров.
Мамандар халықтың айғай-шуынан кейін ғана құр орны қалған орталық құдықты қайта қосуды ұйғарды. Ал, су құбырының қашан тартылаты әзірге белгісіз. Сондықтан сергелдеңге түскен тұрғындарға бұған да шүкіршілік етуден басқа амал жоқ.