Комитеттің алғашқы жұмыс отырысы тамыз айының басына жоспарланып отыр
«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Көлік және логистика комитетінің ұйымдастыру жөніндегі отырысы өтті. Соның барысында комитеттің құрамы мен ережесі бекітілді. Бұл туралы Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Комитет төрағасы болып Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Ақышев сайланды.
Сала мамандарының пікірін ескере отырып, Комитет құрамына теміржол тасымалдаушылары қауымдастығының, вагон операторларының, ұлттық экспедиторлардың, жолаушылар көлігінің, бизнес-қоғамдастықтың, бейінді министрліктердің өкілдері және тағы басқалар кірді.
Отырыс барысында саланың транзиттік инфрақұрылымын дамыту, шетелдік тасымалдаушыларды көлік бақылауынан өткізудің жеткіліксіздігі, 3 мыңнан астам қоғамдық көлік жүргізушісінің тапшылығы сияқты мәселелер көтерілді.
Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев атап өткендей, Қазақстанның Орталық Азия, Ресей, Қытай және Еуропа елдерін өзара байланыстырып тұрған тиімді географиялық жағдайын ескере отырып, еліміз көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалана алады.
Комитет мүшелері көлік саясаты стратегиясын әзірлеу және отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, транзиттің жаңа бағыттарын пысықтау, инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
Комитеттің алғашқы жұмыс отырысы тамыз айының басына жоспарланып отыр.