Бұл туралы халықаралық ұйымдар хабарлаған
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп әлем бойынша коронавирус туралы екі жүзге жуық жалған ақпарат тарағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Халықаралық ұйымдар коронавирус туралы екі жүзге жуық жалған ақпарат анықтады. Отандастар, жалған ақпараттарды бір-бірлеріңізге таратпаңыздар!», - деді ол елордада өткен брифингте.
Айта кету керек, бұған дейін ДСМ Қытайдан келгендердің бәрін бірдей тексере алмайтынын айтып, елді сабырға шақырған еді.
Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының департамент басшысы коронавирус жағдайында пандемия жоқ екенін мәлімдеді.
«Бұл пандемия емес. Біз эпидемиялық жағдайға тап болдық. Қазіргі таңда коронавирус Қытайдан тыс 23 мемлекетте тіркелген», - деді Бриан.
Оның айтуынша, осы аптада ДДСҰ туристік компаниялармен телеконференция өткізеді.