Өрттің себептері және материалдық шығын мөлшері есептеліп жатыр
Шымкентте құрылыс заттары мен тұрмыстық техника сақталған қойма өртенді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгін сағат 14.42-де Төтенше жағдайлар департаментіне Сайрам көшесіндегі өрт туралы ақпарат келіп түсті.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер бұрынғы кірпіш зауытының аумағындағы «NIК Дистрибьюция» ЖШС-ның қойма ғимараты жанғанын анықтаған.
Алдын ала деректер бойынша қоймада ЛДСП, ламинат және тұрмыстық техника сақталған. Өрттің жалпы ауданы 1800 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 17.07-де оқшауланды. Өрттің себептері және материалдық шығынның мөлшері есептеліп жатыр.
«Оқиға орнына 2 БИС шақыру дәрежесі бойынша 120 қызметкер, Шымкент қаласы ТЖ департаменті Өрт сөндіру қызметінің 25 техникасы, 1 өрт пойызы, Апаттар медицинасы орталығы филиалының 1 бригадасы, Жедел медициналық жәрдем 1 бригадасы, Полиция департаментінің 30 қызметкері мен 9 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 7 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылды», - деп көрсетті Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы.