Өткен жылдың өзінде 2 мыңға жуық адамнан қатерлі ісік анықталған
Онкологиялық аурулар саны жағынан Солтүстік Қазақстан облысы республика көлемінде алдыңғы қатарда тұр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша өкпенің қатерлі ісігі дертіне шалдыққандар басым. Одан кейін тізімді тері және сүт безі обыры жалғайды. Бұл туралы 4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысында қатерлі ісікке шалдыққан 10 мыңнан астам адам онкологиялық диспансер тіркеуіне тұр. Ақ халаттылардың айтуынша соңғы жылдары қатерлі дертті ерте бастан анықтау көрсеткіші жақсарған. Өткен жылдың өзінде 2 мыңға жуық адамның сырқаты анықталып, тіркеуге алынған. Обырдан 638 адам көз жұмған. Мамандар жағымсыз статистиканы әдеттегідей дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын сақтамау, экология сынды тағы басқа факторлармен емес, диагностика сапасының артуымен байланыстырды.
«Солтүстік Қазақстан облысында қатерлі ісік ауруларын ерте бастан анықтау үрдісі жақсарып келеді. Егер ауру анықталмаса, статистикалық көрсеткіштер төмен болады. Біз цифрлардың өсуін дерттің дер кезінде анықталуымен байланыстырамыз. Өзге өңірлерде онкологиялық аурулар аз емес, диагностика жағы ақсап жатыр», - дейді облыстық аурухананың онкология блогінің жетекшісі Олег Дудяк.
Жиында науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Олардың кейбірі қажетті медикаменттерді дер кезінде ала алмайды. Емдеу мекемесінің басшылығы бұл жағдайды қаржылық және препараттар тасымалында кездесетін кедергілермен түсіндірді. Онкологиялық орталық маманы Күлзипа Сандыбаева – скринингтердің жақсы нәтиже беріп жатқанын, аудан орталықтарының барлығында маммографиялық аппараттардың сатып алынғанын тілге тиек етті.
«Бекітілген мерзімге сай түрлі жас ерекшеліктеріне қарай скринингтік бақылау жүргізіледі. Әсіресе жатыр мойны, сүт безі жүйелі түрде тексеріледі. Өткен жылы соның арқасында жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдыққан 18 адам анықталды. Оның 17-і алғашқы кезең болса, біреуі екінші кезеңге өткен», - дейді Күлзипа Сандыбаева.
Онкологиялық диспансерде мамандардың тапшылығы да айтылды. Әсіресе маммолог, химия терапевті, анестезиологтар жетіспейді. Биыл ұжым бірнеше жас дәрігермен толықпақ. Алайда, бұл мәселені түбегейлі шешпейді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО