Төленбеген акциздің шығын сомасы – 227,6 млн теңге
Алматы облысында құны 527 млн теңге болатын контрабандалық темекі өнімі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, Қаскелең қаласы, Алматы – Бішкек трассасының 29 шақырымында орналасқан «Кристалл» қонақүй-тұрақ кешенінің аумағында 925 мың қорап заңсыз темекі (18,5 млн темекі бірлігі) өнімі анықталды.
«Тексеру нәтижесі бойынша барлық материал ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабы бойынша заңбұзушылық белгілерімен Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне берілді. Төленбеген акциздің шығын сомасы – 227,6 млн теңге. Темекінің жалпы құны – 527,3 млн теңге», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, қылмыстық кодекстің 233-бабының 1-бөлігіне сәйкес, айыпталушыларға 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу және төрт жүз сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту, немесе бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады.