Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды
Алматыда екі әйелге пышақпен шабуыл жасаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
18 шілде күні сағат түнгі 23.50 шамасында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімі қызметшісі Жарқынбек Айдарханбеков отбасымен үйінде отырғанда сырттан айғайлаған дауысты естиді. Жүгіріп шыққанда белгісіз ер адамның әйелге шабуыл жасап жатқанын байқаған. Ол көмек көрсету үшін дереу оқиға орнына қарай жүгірген. Шабуыл жасаған ер адам қашып, сол маңдағы зираттардың біріне жасырынады.
Ұландық жауынгер жедел жәрдем мен полиция қызметіне хабар беріп, жасырынған адамды тауып, полиция қызметкерлеріне тапсырған.
Зардап шеккен әйелдерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді.
«Күдікті 31 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп көрсетті Алматы қалалық Полиция департаменті.