Қазақстанда Виктор Храпуновқа тиесілі жер телімдері тәркіленеді
Виктор Храпуновты Алматы соты сырттай 17 жылға соттаған болатын
Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия бұрын заңға қарамастан тәркіленбей қалған ел аумағындағы объектілерге ревизия жалғасып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тексеріс барысында Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа тиесілі болған 36 объект (коммерциялық және тұрғын жылжымайтын мүлік, жер учаскелері) анықталды.
«Бүгінгі күні 36 объект (коммерциялық және тұрғын жылжымайтын мүлік, жер учаскелері) анықталды. Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Храпуновтың 8 жер учаскесін тәркілеу туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалды», - делінген комиссия хабарламасында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Виктор Храпуновты Алматы соты сырттай 17 жылға соттаған болатын. Оған «қылмыстық топ құрды», «алаяқтық жасады» және «пара алды» деген айыптар тағылған еді. Сондай-ақ «басқаларға сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жымқыру» және «қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланды» деген айыптар тағылды.
Тергеу материалдарына сәйкес, «Храпунов ісі» бойынша мемлекетке келтірілген шығын 250 миллион доллардан асқан.