Антикор: Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр
Ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде
Антикор Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеруін жалғастыруда, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2017-2018 жылдары «Ақпараттық ресурстарда объектілерді танымал ету үшін жалпыұлттық тізбеге енгізілген объектілердің 3D модельдерін құру» жобасын іске асыру кезінде Ұлттық музей басшылығына және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
«Ұлттық музей мердігер ұйымдарға аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар үшін 1,3 млрд теңге төледі. Сонымен қатар, жүргізілген сараптамалық зерттеу жұмыстарының нақты құны 83,4 млн теңгені құрағаны анықталды. Осылайша, жұмыс құны 1,2 млрд теңгеге негізсіз ұлғайтылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірді», - деп көрсетті ведомствоның баспасөз қызметі.
Тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.