Павлодарда заңсыз салынған тұрғын үйлер анықталды
2019 жылдан бастап 49 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы кезінде бұзушылықтар ашылған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері бойынша сәулет және қала құрылысы саласындағы бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы «Достық» үйінде өткен облыстық қоғамдық кеңес президиумының отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Назымбек Бекжанов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Негізінен көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу үшін жер телімдерінің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертіледі. Бұл - көп пәтерлі тұрғын үйлерді салуға және автотұрақтарды орналастыру үшін бұрын берілген жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат құжаттарын беру, жеке тұрғын үй салу және көп пәтерлі тұрғын үйлерді салуға байланысты емес басқа да мақсаттар болып табылады», - дейді Назымбек Бекжанов.
Оның айтуынша, құрылыс салушылар егжей-тегжейлі жоспарлары болмаған кезде рұқсат беру құжаттамасын беруге тыйым салу туралы талаптарды орындамайды және қаланың бас жоспарының талаптарын елемейді.
«Сондай-ақ, үйлердің құрылысы бөліммен бекітілген эскиздік жобалар негізінде жобалық құжаттаманы әзірлеусіз жүргізіледі. Көптеген нысандар бойынша эскиздік жобалардың оң сараптамасы заңнама талаптарына сәйкес келмейді. Мысалы, Естай, Абай және Бұқар жырау көшелерінің арасындағы көппәтерлі үйлер қызыл сызыққа тұрғызылды. Салдарынан бұл көлік ағынын ұлғайту үшін жолдарды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік бермейді», - деді антикор басшысы.
Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 49 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы кезінде бұзушылықтар анықталған. Қоныстану және оған іргелес өндірістік аумақтарда регламенттерге сәйкес жеке жеңіл автомобильдердің 90 пайызы үшін автотұрақтар көзделуі тиіс.
Назымбек Бекжановтың пікірінше, облыс орталығында автотұрақтар саны азаюда, автокөліктер үйлердің аулалары мен қаланың көлік жүретін бөлігіне ығыстырылуда.
Спикер мердігерлерді құрылыс тәртібін бұзбауға шақырды. Мәселені одан әрі елеусіз қалдыру тұрғындар тарапынан наразылық тудыруы мүмкін екенін еске салды.