$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорларынан пайда жоқ − сарапшы

Оның айтуынша Үкімет әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетуі керек

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорларынан пайда жоқ − сарапшы
Фото ашық дереккөзден

Елдегі кейбір азық-түлік бағасының шамадан тыс шарықтап кетуіне Үкіметтің мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырғаны себеп, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында азық-түліктің кейбір түрі 80 пайызға қымбаттағанын, Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шыққанын айтқан болатын. Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев та кейбір азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне Үкіметтің қолындағы мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырғаны себеп екенін айтады. 

«Азық-түлік бағасы бізде ғана емес, дүние жүзінде өсіп жатыр. Соған қарамастан елде бағаны бір қалыпта ұстап тұруға болады. Себебі, Қазақстан − азық-түлікті өндіретін мемлекет. Мысалы, бидай, ұн, өсімдік майының қоры жеткілікті. Ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз етіп отырмыз. Осы ретте, кейбір азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне себеп − Үкіметтің қолындағы мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай отыр. Сондықтан маусым аралық бағаның шарықтауы байқалады. Мысалы, картоптың құны мамыр айында, қант бағасы жаз айларында шамадан тыс қымбаттап кетуі болып жатады. Осындай жағдайдың алдын алу үшін әкімдіктер жанынан ашылған тұрақтандыру қорлары бар. Мемлекет басшысы айтқандай, тұрақтандыру қоры кейбір мүдделі топтың «ақша жасайтын» орнына айналып кеткен. Тұрақтандыру қорларына бюджеттен млрд-таған қаражат бөлінеді. Олар қазан-қараша айларында картоп, сәбізді арзан бағаға сатып алады да, көктем кезінде базарға қымбатқа сатып жібереді. Меніңше, бұл дұрыс жүйе емес», − дейді С.Жобаев.

Оның сөзінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі тауарды қорда сақтап отырмауы керек. Бағаны инфляция деңгейінде ұстап отыру маңызды. 

«Мысалы, тұрақтандыру қорлары арқылы қант саудада 280-300 теңгеден сатылатын болса, қант шығаратын зауыттарда өзіндік құны 400 теңгеден асып кетуі мүмкін. Сондықтан қан шығаратын зауыттар жабылып жатыр. Ал мемлекет компания шығынға батпасын деп субсидия бөлейін десе, бұл қаражатты жарым жолда біреулер қалтаға басады. Сондықтан, баға қымбат болса да, тауар бағасын еркін нарыққа шығару керек. Сонда зауыт пайда тауып, жаңа қондырғылар сатып алады, қызылшаны көбірек егуге әрекет жасайды. Мемлекетке бұдан келетін негізгі пайда, бюджетке түсетін салық көлемі артады», − дейді сарапшы.  

Оның сөзінше, бізде зейнеткер, мүгедек, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасы санатына жататын әлеуметтік осал топтар бар. Олардың саны біздің елде 1 млн 200 мыңды құрайды. Осы санатқа Үкімет қаржылай қолдау көрсетуі керек.

Серіктес жаңалықтары