Каспий жағалауы қоқысқа көміліп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Демалушылар тамақ қалдықтарына дейін жағалауға тастап кетеді екен

Фото ашық дереккөзден

Каспий жағалауы қоқысқа көміліп жатыр. Ақтауда теңізге шомылуға барған тұрғындар тұрмыстық қалдықтардан адам аяғын алып жүре алмайды деп шағымдануда. Жағажайдың ластануына әкімдікті кіналайтындар да бар. Бірақ шенеуніктер демалуға барғандар қоқыстарын тазаламай шашып кетеді деп ақталуда. Қос тарап бір бірімен қырқысып отырғанда, теңіз жағалауы қоқыс полигонына айналып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Ақтауда шомылу маусымы қыз-қыз қайнап тұр. Шілденің шіліңгір ыстығында тұрғындар теңіз жағасынан сая іздеп жүр. Суға түсіп, күнге қыздырынып, кейбірі кешкі асын да осы жерде ішеді. Бірақ демлушылардың бәрі бірдей тазалықты сақтамайды. Ішіп-жеген тамағының қалдығын жағалауға тастап кетеді екен.

Тау-төбе болған қоқыс үйіндісін жергілікті тұрғындар түсіріп алған. Әлеуметтік желіге жүктелген видеода жағажайдың қоқыс полигонына айналғаны анық аңғарылады. Видео авторы бұл тегін жағажай болған соң ластанып жатыр дейді. Онда тұрмыстық қалдықтардың арасында тұрғындардың қаннен қаперсіз демалып жатқанын байқауға болады.

Бұл жағажай тегін болса да керектінің барлығымен жабдықталған. Автотұрақ, киім шешетін орын, қоқыс тастайтын жәшік те бар. Бірақ демалушылар тұрмыстық қалдықтарын жинауға ерінетін сияқты. Оның үстіне қоқыс жәшіктерінің саны өте аз дейді тұрғындар. Ал, әкімдіктегілер күн сайын тегін жағажайды жинауға 60-қа жуық жұмысшы жұмылдырылады дейді. Бірақ барлығын тазалап үлгермейді екен. Өйткені теңіз жағасына 80 қоқыс жәшігі орнатылған.

 «Демалушылар өздерінен кейін қоқысты жәшікке тастамай, отырған жерінде тастау заңсыздығы көп орын алуда. Осыған орай қала тұрғындары мен қонақтарын қала тазалығын сақтау мәдениеттілігіне шақырамыз. Қазіргі таңда «Green city Ақтау» ЖШС қызмет көрсетуде. Қаланың 15 мың шаршы метр аумағын күнделікті тазалық жұмыстарын жүргізеді, сонымен қатар теңіз жағалауында 60-қа жуық жұмысшы күнделікті тазалап өтеді», - деді Ақтау қалалық ТКШ бөлімнің бас маманы   Бақтияр Мақсатов.

Жауаптылар тазалықты әркім өзінен бастамаса болмайды деп отыр. Қазір Ақтау қаласының аумағы мен теңіз жағалауында санитарлық-тазалық жұмыстарын жасайтын мекемені анықтау мақсатында байқау жарияланған. Конкурстың нәтижесінде мердігер мекеме анықталып, ол 3 жыл бойы тазалыққа жауапты болады.