Қытаймен шекара іс жүзінде жабылды
ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирусқа байланысты Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жандарбек Бекшиннің айтуынша, 3 ақпаннан бастап Қытаймен шекара іс жүзінде жабылды.
«4 ақпаннан бастап тікелей әуе қызметі тоқтайды. Ал автобус және пойыз қозғалысының тоқтағанына біраз уақыт болды», – деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта шекарадан тек ресми делегациялар, шенеуніктер мен жүк тасымалы ғана өткізіледі.
«Олар екі ел үкіметінің де жылу сезгіш құрылғысымен (тепловизор) сканерленеді. Республикалық штаб шешіміне сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанның барлық шекаралық бекеттерінде тепловизорлармен үздіксіз бақылау орнатып жатырмыз. Бұл ауру туралы халыққа 6 қаңтарда мәлімдеме жасағанбыз. Сол күннен бастап, Қытайдан келген барлық жолаушыларға қосымша бақылау жүргізуді бастадық. Ал 2017 жылдан бері барлық халықаралық рейстерден келген жолаушыларды жылу сезгіш стационарлық құрылғымен бақылауды тұрақты түрде жүргізіп келеміз», – деді Бас санитарлық дәрігер.