«Алтын ордадағы» жанжал: Марқұмның ата-анасы ұлының өліміне дәрігерді кінәлап отыр
Бақыт Жәмековтың айтуынша, Талғардағы ауруханада ота жасауға себеп болмаған
«Алтын орда» базарында ауыр соққы алып, 1 айдан кейін көз жұмған 23 жастағы Қайнар Біләлдің ата-анасы ұлының өліміне Талғар аудандық орталық ауруханасын кінәлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Желіге тарап, жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан бейнежазбаны 14 маусым күні «Алтын орда» базарындағы куәгерлер түсіріп алған. Онда ағатайлап жалынған жігіт 2 рет ауыр соққы алғаны анық көрінеді. Бірақ ол кезде Қайнар 500 мыңның телефоны үшін бақилық боламын деп ойламаған да еді.
«Көмектесетіндей ешкім ештеңе түсінбей қалды. «Ағатай телефонымды бер» деп жалынып жатыр. Оның қолында пышақ болды ғой. Қыздар көмектесті», – деді куәгер.
Басына тиген ауыр соққыдан ауруханада көз жұмған жас жігітті жақындары күні кеше ақтық сапарға аттандырды. Туыстары кісі өліміне себепкер болған күдіктіге қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр.
«Алтын ордада» күткен. Екі жігіт келіп, көремін деп ұялы телефонын алған. Бермей, ұрған ғой», – деді марқұмның жары Шынар Дәулетқызы.
Қаскөйдің қолынан қаза болды деген Қайнардың қара шаңырағы қаңырап тұр. Қора қопсысын қалаберді осы үйдің қара жұмысын арқалаған азаматтың артында анасы мен жары қалды. Марқұмның анасының айтуынша, 6 күн бойы ауруханада жатқан ұлына дер кезінде дұрыс ем жасалғанда тірі қалар еді. Ол «Басындағы ұйыған қанды о баста алып тастауға болатын еді ғой» деп қынжылады.
«Талғардың дәрігерлеріне айтар шағымым бар. Баламды дұрыс қарамады. Есіктің алдындағы итіңді де сылап-сипайсыңдар ғой, сонда балам ит құрлы болмады ма? Әбден бес-алты күн болғаннан кейін өзге дәрігерге жіберген», – деді марқұмның анасы Пәтігүл Мұзартбекқызы.
Асыраушысынан айрылған ананың арызын естіген ақ халаттылар 6 күнде жағдайы қанағаттандырарлық болған соң, облыстық ауруханаға жөнелтуді жөн санадық деген жауап берді.
«Келген кезде жағдайы орташа ауыр болды. Сол жақ бет сүйектерінің сынуы диагнозымен жатқызылған. 14 маусымнан 20 маусымға дейін 6 күн осында травмотологияда жатып, жағдайы қанағаттандырарлық болғасын келісіліп, Облыстық ауруханада ота жасауға ауыстырылған», – деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Бақыт Жәмеков.
Бақыт Жәмековтың айтуынша, Талғардағы ауруханада ота жасауға себеп болмаған.
«Ота жасауға сол кезде көрсеткіш болған жоқ. Біріншіден мен ондай ешқандай пікір бере алмаймын. Оны бізге беретін құзырлы органдар бар, суд медициналық экспертиза бар», – деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Бақыт Жәмеков.
Ал ауыр соққыға жығып өлтірді деп күдікке ілінген Жамбыл облысының 28 жастағы азаматы қамауға алынды. Алматы облыстық полиция департаментінің дерегінше, ол жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ұсталған. Марқұмның отбасы құзырлы органдар істі әділ тергесе екен дейді.