Екібастұз қаласының әкімі отставкаға кетуге дайын
Оның орынбасары пара алғаны үшін айыпталуда
Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев өзінің отставкаға кетуге дайын екенін мәлім етті. Бұған орынбасарының пара алғаны себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізге салайық, 6 маусымда сот қала әкімінің орынбасары болған Бауыржан Ахметовті мемлекеттік сатып алу кезінде кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алды деп айыптап, 8 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда сотталушы үкіммен келіспей сотқа аппелациялық шағым түсірді. Шағым 20 шілде қаралмақ.
Ал Ардақ Қаңтарбаев қол астындағы қызметкерінің әрекеті үшін жауапкершілік арқалауға дайын екенін жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей заң бойынша менің қарамағымдағы қызметкер істі болғаны үшін отставкаға кетуге міндеттімін. Бірақ, бұны енді басшылық шешетін болады. Егер басшылық талап етсе, мен қызметімнен кетуге дайынмын», - деді Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев.