Қазгидромет көктемде су тасқыны болуы мүмкін өңірлерді атады

Автор: Azattyq Rýhy

Негізгі гидрологиялық болжам наурыз айында әзірленеді

Фото: ашық дереккөзден

«Қазгидромет» РМК көктемгі су тасқыны кезеңіне алдын ала консультативтік гидрологиялық болжам жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Гидрометеорологиялық бақылау деректеріне сәйкес, 2020 жылдың 31 қаңтарындағы жағдай бойынша СҚО, ШҚО, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында қар жабынындағы ылғал қоры орташа нормадан жоғары. Қар жинау процесі ақпан және наурыз айларында жалғасатынын айта кеткен жөн», - дейді «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

Көп жылдық бақылау деректері бойынша ақпан, наурыз, сәуір айларында жауын-шашынның айлық нормасы түсуі ықтимал және ол қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстардың туындауына әкелуі мүмкін.

«Егер ақпан айында температура көтеріліп, көп жауын-шашын жауса, Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс таулы өзендерінде еріген қар мен жаңбырдан су тасқыны болуы мүмкін. 2020 жылдың ақпан айына арналған синоптикалық болжамға сәйкес, ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде климаттық нормадан жоғары болады деп күтілуде», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, көктемгі кезеңге негізгі гидрологиялық болжам 2020 жылдың наурыз айында әзірленеді.